ТОО «Медицинский центр Жезказган»
www.medcenter-zhezkazgan.kz

Функциональные исследования сердца

ЭКГ Холтер мониторингі (немесе қысқаша - Холтер) және артериялық қысымның (АҚ) тәуліктік мониторингі (АҚТМ)

ЭКГ Холтер мониторингі – бұл жүректегі ритм мен өткізгіштіктің жасырын немесе ауыспалы бұзылуын, сонымен қатар, жүректің органикалық зақымдалуын (оның ішінде жүректің ишемиялық ауруы, кардиомиопатия, туа біткен немесе жүре қалыптасқан жүрек ақауы) анықтау үшін ұзақ уақыт бойы жасалатын (әдетте 20-24 сағат) электрокардиография түрі.

АҚ тәуліктік мониторингі - 20-24 сағат бойы (сирек-ұзақ) АҚ деңгейін анықтауға бағытталған ұқсас тексеру. Мониторингтің өзі қарапайым электронды тонометрдің көмегімен артериялық қысымды әдеттегідей анықтауға ұқсас, мұндағы ерекшелік тек өлшеу уақыты мен жиілігінде, оны тексерілетін адамның өзі емес, дәрігер бағдарламасы анықтайды.

Бұл зерттеулер автономды жылжымалы мониторлардың көмегімен жасалады, әрі науқастың үнемі стационарда болуын қажет етпейді.

Бұл тексеруге қарсы көрсетілімдер жоқ екенін айта кету керек. Алайда, ол ұзақ уақыт пен көп күш жұмсайтындықтан, оны тек алдын ала тіркелу арқылы ғана жасайды (абзалы кардиологпен кеңесуден кейін). Тексеруді жүргізуге кедергі болатын тек жекелей шыдай алмау, психикалық ауытқу (оның ішінде егде жастағы адамдар үшін), сондай ақ (тек АҚТМ үшін) – жүрекшенің экстрасистолиясы мен фибриляциясы сияқты ритмнің бұзылуы (мұның өзі қарсы көрсетілім емес, тек алынған деректердің нақтылығы төмен болады). 

Анықталған жас шектеулері бар: әдетте Холтерді 7-8 жастан асқан балаларға, ал АҚТМ - 12-13 жастан асқан балаларға жасалады. Алайда, тексеруші дәрігер кейбір жағдайларда бұдан ертерек жаста тексеру өткізуі мүмкін, немесе мүлдем тексеруден бас тартуы мүмкін.

Тексеру кезінде ауыр және орташа физикалық жүктемелерге байланысты істерден, ол жұмысқа қатысты іс болса да олардан бас тарту кеңес етіледі (сондықтан, физикалық еңбекпен айналысатын тұлғалар үшін тексеру кезінде науқастық демалыс алу керек). Жеңіл физикалық жүктеме тек тексеруші дәрігер рұқсат еткен көлемде ғана рұқсат етіледі. Сексуалды қатынастардың кез келген түріне тиым салынады. 

АҚТМ туралы айтар болсақ, онда жоғарыда айтылғандармен қатар, барлық көлік құралдарын басқарудан бас тарту керек (оның ішінде велосипед, скейтборд, самокат, сегвейлер және т.б.). Тексеру өткізілетін күні душ, ванна қабылдаудан, моншаға, хауызға түсуден бас тарту керек; зерттеу күні УД және рентген тексерулерді, физиопроцедураларды, уқалау және ЖФМ (ЛФК) сеанстарын (тіпті айтылғандардың бірін басқа дәрігер кеңес еткен болса да, оларды басқа күнге ауыстыру керек) жоспарлауға болмайды. Сондай-ақ спорт жаттығуларынан бас тарту керек (рұқсат етілетін жүктеме дәрежесі, басқа да гигиеналық процедуралар және т.б. міндетті түрде дәрігермен талқылануы керек).

Велоэргометрия (ВЭМ),  тредмил-тест – физикалық жүктемемен қатар жүретін ЭКГ түрлері.

Жүрек аурулары кезінде ЭКГ-дан пайда болатын кейбір өзгерістер тыныштық кезінде әрдайым болмайтындықтан, кейде оларды «күштеп» пайда болдыру қажет болады.

Оған әртүрлі әдістермен қол жеткізуге болады, бірақ оның ең оңайы – физикалық жүктеме.

Физикалық жүктемемен қатар жүретін ЭКГ-нің негізгі түрі тредмил-тест (жүгіретін жолда жүріп жасалатын тест) және велоэргометрия (велотренажерде жасалатын тест). Тредмир-тест қазіргі уақытта көп таралған және қолайлырақ деп есептеледі (өйткені жүру ең физиологиялық және табиғи жүктеме түрі болып табылады). Велоэргометрия қазіргі уақытта азырақ тараған, бірақ көптеген дәрігерлер тренажерлерді қолданатын кез-келген тестерді бұрынғыдай ВЭМ деп атай береді (себебі алдыңғы ғасырдың 80-90 жылдары  бұл әдістеме кеңінен қолданылып келе жатқанда, велотренажерлер жүгіру жолдарына қарағанда қолжетімдірек еді). 

Тестілеудің мұндай түрлері науқас үшін физикалық стресс жасауға негізделгендіктен, тыныштықтағы ЭКГ мен Холтерге қарағанда, оларға қарсы көрсетілімдер бар.

ВЭМ мен тредмил-тестке абсолютті қарсы көрсетілімдер (төменде көрсетілген күйдегі науқасты бұл әдіспен тексеруге болмайды):

  • Асқынған миокард инфаркті (3 аптаға дейін).

  • Ми қанайналымының жедел бұзылуы және инсульталды күйі

  • Тұрақсыз немесе үдемелі тахикардия

  • Басқарылмайтын артериалық гипертензия немесе тексеру басында 200/110мм сынап бағанасынан астам АҚ

  • Ритм мен өткізгіштіктің кейбір бұзылулары (2 және 3 дәрежедегі сино-атриалдық және атрио-вентрикулярлық блокадалар, Гис шоғырының сол аяғының толық блокадасы, пароксизмалдық тахикардиялар).

  • Ауыр дәрежелі аорталық стеноз

  • Өкпе артериясының тромбоэмболиясы

  • Шұғыл тромбофлебит

  • Шұғыл миокардит және перикардит

  • Анық тыныс тарылуы

  • Теңгерімсіз жүрек жеткіліксіздігі

  • Аортаның қатпарлы аневризмасы

Салыстырмалы қарсы көрсетілімдер (тексеру қосымша сақтықпен жасалуы мүмкін; сонымен қатар тексеруші дәрігер қараудан бас тартуы немесе басқа уақытқа жылжытуы мүмкіг).

  • 80 жастан асқан жас шамасы

  • Жүрек пен (немесе) қантамырларының аневризмасы

  • Артериалық гипертензия (тексеру уақытында тыныштық кезінде 170/100 мм сын.бағ.асатын АҚ)

  • Артериалық гипотензия (тексеру кезіндегі 90/60 мм сын.бағ. төмен АҚ)

  • Электролитті бұзылулар

  • Жүрек клапанының орташа стенозы

  • Сол жақ қарыншаның шығару жолдарының обструкциясымен қатар жүретін гипертрофиялық кардиомиопатия

  • Беймәлім генезді тахикардия

  • Этиологиясы белгісіз синкопалды күй

  • Қарыншаның жоғары дәрежелі  экстрасистолиясы

  • Тексеру күніндегі стенокардия ұстамасы

  • Кез-келген генезді безгек

  • Шұғыл дәрежелі қабыну аурулары

  • Науқасты алдын ала тексерудің жеткіліксіздігі

  • Науқас пен тексеруші дәрігер арасында қарым-қатынас орнатуға кедергі келтіретін психикалық ауытқулар

  • Кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдау (бета-блокаторлар, жүрек гликозидтері, кейбір қысымды төмендеткіш дәрілер). Нитраттарды қабылдау – стенокардия ұстамаларын тоқтату үшін ғана.

  • Кез-келген себеп бойынша науқастың бас тартуы

Егер қарсы көрсетілімдер болмаса (немесе дәрігер мардымсыз деп тапса), онда:

Тексеру күннің бірінші жартысында өткізіледі

Тексеру аш қарынға өткізіледі (болмаса – процедураға дейін 2 сағат бұрын жеңіл таңғы ас).

Кеңес етіледі – процедураға дейін 1 сағат бойы темекі тартпау; 2 сағат бойы физикалық жүктеме жасамау; 12-24 сағат бойы кейбір дәрілік препараттарды қабылдамау (жазылу уақытында дәрігермен алдын ала кеңесу керек). Процедураға дейін алкоголь және кофеині бар сусындардан басқа су және т.б. сусындарды ішуге рұқсат етіледі.

Науқаста өзімен бірге – амбулаториялық карта немесе сырқатнамасы, ЭКГ және ЭхоКГ (процедураға дейін 1-2 айдан аз уақыт бұрын алынғаны абзал), қажет болса Холтер ЭКГ нәтижелері болуы керек. Сондай-ақ өзімен бірге сүлгі мен ауыстыратын киім (қалауынша) болу керек.

Холтер, АҚТМ және жүктемелі тестілер тек жазылу бойынша және дәрігермен алдын ала кеңес бойынша ғана жасалады. Аталмыш тексерілулерге функционалды диагностика бөліміндегі 1А073 бөлмеде жазылуға болады (жұмыс уақыты 8.00-15.40, үзіліс 12.00-13.00).

Электрокардиография (ЭКГ) жүректің электр потенциалдарын тіркеуге негізделген жүрек жұмысын тексеру әдісі. Электрокардиографиялық тексеру арнайы құрал – электрокардиографтың көмегімен жасалады. Кеуде тұсына, қол, аяққа электродтар қойылады да, электрокардиограф кардиограмманы жазады. Тексеруді өткізер алдында науқастың денесінде металдан жасалған әшекей бұйымдардың болмауын қадағалау керек (алқалар, білезіктер, сағат, пирсинг). Дененің жоғарғы бөлігін, білекті және жіліншікті киімнен босату қажет. Электродтар қойылатын орындағы теріні спиртпен майсыздандырады. 

Процедураны өткізу техникасы бойынша тексерілетін адам шалқасынан жатуы керек.

Электрокардиография нені көрсетеді:

  • ритмнің бұзылуы (тахикардия, брадикардия, аритмия, жүрекшелердің фибрилляциясы және т.б.)

  • жүрекішілік өткізгіштіктің бұзылуы (гис шоғырының сол аяғының блокадасы, АV-блокада, фредерик синдромы және т.б.);

  • жүрек қуыстарының мөлшерінің өзгеруі (қарыншалар мен жүрекшелердің гипертрофиясы);

  • ЖИА (жүректің ишемиялық ауруы) кезінде пайда болатын ишемия. ЭКГ көмегімен стенокардия кезіндегі миокард инфарктімен қатар жүретін қайтымды ишемиялық бұзылулар мен қайтымсыз өзгерістерді айыруға болады, сонымен қатар  некроздың орны мен мерзімі анықталады;

  • өткізу жолдарының даму аномалиясы (WPW синдромы немесе CLС синдромы)







Оставить заявку
Код с картинки: CAPTCHA